ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ
Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы ең алдымен адамгершілік құндылықтарға, әділдік пен адалдық қағидаларына негізделеді. Адамзат тарихында қоғамды реттейтін түрлі құқықтық, философиялық және діни жүйелер қалыптасты. Солардың ішінде Ислам діні адал қоғам құруға бағытталған кешенді рухани-әлеуметтік жүйе ретінде ерекшеленеді. Ислам тек жеке адамның құлшылығын ғана емес, қоғамдағы қарым-қатынастарды, әділ басқару мен әлеуметтік теңдікті де басты орынға қояды.
Қандай заман болсын, дәуірдің қалай дамыған кезеңі болсын асыл дініміз әрдайым қоғамдағы ауызбіршілікті, бірлік пен адалдықты негізгі назарда ұстайды. Бүгінгі жаһандану уақытында да бұл аса өзекті. Оған дәлел жақында ғана қабылданған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Ислам және адал қоғам» тұғырнамасы. Аталған тұғырнаманың өзектілігі жөнінде Хазірет: «Ислам адамды тек Алла алдында ғана емес, қоғам алдында да жауапты болуға тәрбиелейді. Әрбір іс-әрекет үшін есеп берілетініне сену – адалдықтың ең биік көрінісі. Ақырет күніне иман келтіру адамды әділетсіздіктен, қиянаттан, жамандықтан сақтайды. Өйткені, мұсылман адам ешбір ісінің ескерусіз қалмайтынын жақсы біледі. Ал қазіргі заманда бүкіл адамзат алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – әділетсіздікпен күресіп, адал қоғам құру.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін 2026 жылды діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Бұл – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын», – деп атап өткен болатын.
Адалдық ұғымын атағанда ең әуелі оның негізі мәні мен әлеумет үшін пайдасын кеңінен тарқату үшін бірінші дінімізде берілген ауқымын саралап көрейік.
Исламдағы адалдық ұғымы «әділ», «аманат», «тақуалық» сөздерімен мәндес, иманның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады десек артық айтқандық емес. Оған қатысты Құран Кәрімде адалдық пен әділдікке шақыратын аяттар көптеп кездеседі және соның бірі «Ниса» сүресінің 58-аятында Алла Тағала: «Расында, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруды және адамдар арасында билік жүргізгенде әділдікпен билік етуді бұйырады», – деп баяндалады. Аталмыш аятта қоғамдағы кез келген жауапкершіліктің аманат екені және оны адал орындау қажеттігі айқын көрсетілген. Исламда адалдық тек материалдық мәселелермен шектелмейді, ол сөзде, іс-әрекетте, ниетте де көрініс табуы тиіс. Бұл турасында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адалдық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жәннатқа жетелейді», – деп, адал мінездің ақыреттік те, дүниелік те игілікке бастайтынын айтқан. Демек, адалдықты ту еткен қоғам келесі өмірде де Жаратушының алдында абыройы биіктейді. Ендеше, әділеттікті толыққанды өмірімізде жүзеге асыру үшін қандай қағидаларға сүйенеміз, соған тоқтала кетейік.
Бірінші, әділдік – адал қоғамның өзегі. Дініміз әділдік дінге, ұлтқа, әлеуметтік жағдайға қарамай баршаға бірдей қолданылуы керектігін ұран етіп ұстайды. Ол жайлы Құранда: «Бір қауымға деген өшпенділік сендерді әділетсіздікке итермелемесін. Әділ болыңдар, ол тақуалыққа жақынырақ» , – дейді (Мәида сүресі, 8-аят). Бұл қағида қоғамдағы алауыздық пен қиянаттың алдын алады. Әділдіктің қандай боолатынын Жүсіп Баласұғын атамыз бір ауыз сөзбен керемет жеткізе білген:
Әділдіктің жолы қандай болады?
Жөні, тегі, өңі қандай болады?
Елік айтты: – Біл, әділ жан бір шынар,
Тілі, діні сөзіменен бір шығар.
Тысы – ішіне, іші- тысқа жарасып,
Туған жаннан кетпес шындық адасып.
Әділдік- құт. Құт құрығы – кішілік,
Әділдіңтің заты-тұнған кісілік.
Екінші, аманатқа беріктік. Қоғамдағы әрбір қызмет, әрбір міндет – аманат. Исламда қызметін теріс пайдаланған, халықтың ақысын жеген адам ауыр күнә жасаған болып саналады. Аманатқа беріктік мемлекеттік басқаруда, білім саласында, отбасында және сауда-саттықта ерекше маңызға ие. Өйткені, бір ғана қызмткердің өз ісін арам әрекеттермен былғауы бүтін бір қоғамның ластануына ықпал етеді. Бұл жай ғана кішкене мәселе секілді көрінгенімен, ұсақ істерден ірі дүниелер туындайтынын естен шығармауымыз қажет.
Үшінші, адал еңбек пен адал табыс. Мұсылман үмметі үшін адал жолмен табыс табудың өзі құлшылықтың бір түрі ретінде қарастырылады. Харам жолмен келген дүние қоғамда сенімсіздік пен берекесіздікке әкеледі. Сондықтан өсімқорлық, алаяқтық, парақорлық шариғатымызда қатаң тыйым салынған. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде: «Ей адамдар! Жер жүзіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер…», (Бақара сүресі, 168-аят)- деп ескертеді.
Ішіп-жеген асы арамнан болған пенделер турасында Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір адамды мысал етіп айтты:
«Жолда шаршап, қолын жайып дұға етеді. Бірақ ішкені – харам, жегені – харам, кигені – харам. Сонда дұғасы қалай қабыл болсын?»
(Муслим) деп жасаған құлшылықтары қабыл болмайтынын ишарат еткен.
Қорыта айтар болсақ, дініміздегі адал орта және әлеуметтік әділет ұғымы қоғамдағы әлсіз топтарды қорғауға ерекше көңіл бөледі. Жетімдер, кедейлер, мұқтаж жандар – қоғамның аманаты. Зекет, садақа, уақып сияқты институттар әлеуметтік теңдікке бағытталған. Осы тұста Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): Мәдина қоғамын құруы – адал қоғамның жарқын үлгісі екендігін айта кеткен жөн. Ол қоғамда:
- заң алдында бәрі тең болды;
- әркімнің ар-намысы қорғалды;
- өзге дін өкілдерімен әділ қарым-қатынас орнады.Бұл тәжірибе Исламның тек теориялық емес, практикалық қоғам құру жүйесі екенін көрсетеді.
Бүгінгі заманда қоғам көптеген моральдық дағдарыстарды бастан кешіруде: парақорлық, әділетсіздік, сенімсіздік. Осындай жағдайда Исламдағы адал қоғам қағидалары өзектілігін арттыра түседі. Дініміз ұсынған: әділ басқару, адал еңбек, жауапкершілік, рухани тәрбие сияқты құндылықтар кез келген қоғамды тұрақты әрі сенімді ете алады. Адал қоғам – заңмен ғана емес, адамның ішкі иманымен қалыптасатын қоғам. Ендеше, рухани тазалық пен әлеуметтік әділеттілікті үйлестіре білген кемел жүйеде ғана адам қадірі артып, сенім мен береке орнығады.
Алматы Облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы


