«ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облысы өкілдігіне қарасты Талғар ауданындағы Бесағаш ауылының «Шариф» мешітінде Әжелер мектебінің ұйымдастыруымен «Әйел және отбасы» тақырыбында рухани-танымдық семинар өтті.
Шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, әйел-ананың қоғамдағы және отбасыдағы орнын насихаттау, ұлттық және діни тәрбиенің маңызын түсіндіру. Семинар барысында отбасы берекесін сақтау, ананың парасаттылығы, қазақ тарихындағы ұлт тәрбиесіне үлес қосқан аналардың өнегелі ғұмыры және Ислам дініндегі ананың мәртебесі жайында тағылымды ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ отбасының рухани тұтастығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі ананың жауапкершілігі жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Жиынға қатысқан Талғар ауданы бас имамы Ринат Маратұлы рухани дәріс оқып, отбасы институтын нығайту, жастар тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында насихат айтты. Сонымен қатар жиналған әжелер мен әйелдер қауымымен пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында қатысушылар отбасы тәрбиесі мен қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, ұрпақ тәрбиесінде рухани құндылықтардың маңыздылығын атап өтті. Шара соңында әйелдер қауымы осындай тағылымды кездесуді ұйымдастырған «Шариф» мешітінің ұжымына ризашылықтарын білдіріп, игі бастамалардың жалғасын табуына тілектестік танытты.


