preloader

Жаңалықтар

Әкенің отбасыдағы орны

Әкенің отбасыдағы орны

Алла Тағала әрбір жанұяға белгілі бір тәртіп пен жауапкершілік берген. Әке – отбасының тірегі, қорғаушысы және асыраушысы. Ол бала-шағасының дүние және ахирет істеріндегі жауапкершілікті көтеретін жан. Құран Кәрімде былай делінген: “Әй, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған тозақ отынан қорғаңдар”(Тахрим сүресі, 6-аят).
Бұл аят әкелердің ең үлкен міндеті – бала-шағасын тек дүниелік қамқорлықпен ғана емес, рухани тәрбие мен дұрыс бағытпен де қамсыздандыру екенін көрсетеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың саоауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде әке-шешеге жақсылық жасаудың маңыздылығын ерекше атап өткен: “Алла разылығы – әке разылығында, Алла ашуы – әке ашуында.” (Имам Тирмизи).
Әкенің разылығын алу арқылы адам Алланың разылығына жетеді. Әке-шешеге құрмет – иманның белгісі, ал оларға құрметсіздік жасау – үлкен күнәлардың қатарына жатады.
Кей адамдар әкелері өмірден өткен соң ғана оның қадірін түсініп жатады. Бұл өкінішті жағдай. Әке тірі кезінде қадірлеп, құрмет көрсетіп, тілін алып, дұға-тілектерін алу – әрбір баланың борышы.
Отбасында әкені құрметтеу арқылы баланың өміріне береке кіреді. Әкесінің батасын алған бала қай жерде жүрсе де Алланың көмегіне бөленеді.
Әкеге жасалатын жақсылықтар:
Жақсы сөз айту;
Қажет болғанда көмектесу;
Тілін алу және ренжітпеу;
Намазда, дұғада оны еске алып, кешірім тілеу;
Ол үшін қайырымдылық жасау.
Қадірлі бауырлар! Әрқайсымыз әкелеріміздің қадірін біліп, тірі кезінде құрметтеп, өмірден өткен соң дұғамыздан тастамайық. Әке – бізге Алланың берген аманаты, ол аманатқа дұрыс қарау – біздің парызымыз.

Талғар ауданы, Әл-Бұхари мешітінің имамы

Бахтыбай Жарылқасымұлы