«Әсем киім – әйел ажары»: Еңбекшіқазақта өткен ерекше сән байқауы
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында сән мен сұлулық, руханият пен ұлттық мұра тоғысқан тағылымды іс-шара – «Әсем киім – әйел ажары» атты сән байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – әйел затына шариғат пен салт-дәстүрімізге сай, заманауи талаптарға үндес келетін киім үлгілерін ұсыну, ұлттық болмысты дәріптей отырып, ұрпақ санасына сіңіру.
Сән мен әдептің жарасымын насихаттаған байқау шымылдығын Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы құттықтау сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Құран кәрімнің «Нұр» сүресінде шариғатқа сай киінудің нақты талаптары баяндалғанын тілге тиек етіп, халқымыздың атадан балаға жалғасқан киім мәдениетінің сол қағидаларға толықтай сәйкес келетінін атап өтті.
«Біздің ата-бабаларымыз – тек киім тігуші емес, рухани тәрбиеші болған. Ұлтты ұлт еткен – оның киімінен де көрініс табады. Бүгінгі байқау – соның дәлелі», – деді облыс имамы.
Байқау аясында облыс көлеміндегі аудандардан келген 40-тан астам мұсылманша киім үлгілері жұрт назарына ұсынылды. Заманауи сән әлемінің талаптарын ескеріп, шариғи және ұлттық ұстанымдармен үндестіре тіккен шеберлердің еңбегі көпшілікті тәнті етті. Орамалдың байламы мен көйлек пішіміндегі әрбір иірім – көркемдік пен мағынаға толы, көз қуантады, көңіл марқайтады.
Қазылар алқасының шешімімен:
-
Бірінші орын – Қарасай ауданына,
-
Екінші орын – Жамбыл ауданына,
-
Үшінші орын – Еңбекшіқазақ ауданына бұйырды.
Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Байқау соңында қатысушылар мен көрермендер тарапынан ұйымдастырушыларға алғыс білдіріліп, мұндай тағылымды шаралардың жалғасын табуы қажеттігі айтылды.
Бұл сән байқауы – тек киім көрсетілімі ғана емес, ұлттық рух пен имандылықтың үйлесімін дәріптеген өнегелі өнеге алаңы болды.



