АЛАТАУ ҚАЛАСЫ: «АТАЛАР МЕКТЕБІ-ТӘРБИЕ НЕГІЗІ» АТТЫ АҚСАҚАЛДАР КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Алатау қаласы, Жетіген шағынауданындағы «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінде жүрекке жылу ұялатар игі шара өтті. «Аталар мектебі – тәрбие негізі» атты рухани-танымдық кездесу ақсақалдар мен дін өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеудің маңызын айшықтады.
Жиынға арнайы келген Қапшағай мешітінің наиб имамы Мағаз Серік жоба жайлы кеңінен баяндап, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының сәлемін жеткізді. Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы бастаған ел ақсақалдары жастар тәрбиесіндегі ақылман қазынаның орнын қайта жаңғырту жайын талқылады.Кездесу қорытындысында «Аталар мектебі» құрылып, мүшелері бекітілді. Енді бұл жоба аясында тұрақты тәлім сабақтары өткізіліп, ұлттық құндылықтар дәріптелмек.Шара соңында ақсақалдар мешіт ауласында жеміс ағаштарын отырғызып, сауапты іс арқылы ұрпаққа өнегелі жол қалдырды. Бұл – тек бір сәттік әрекет емес, болашаққа деген сенім мен рухани аманаттың белгісі. «Аталар мектебі» – даналық пен дәстүр сабақтастығын жалғайтын рухани мекенге айналып келеді.