АЛАТАУ ҚАЛАСЫ: ХАЛАЛ СТАНДАРТТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
Алатау қаласында «Халал Даму» ЖШС-нің Алматы облысы бойынша өкілі Жанәбіл Жұмабековтың жетекшілігімен дін қызметкерлеріне арналған семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қаладағы қоғамдық тамақтану орындары мен кәсіпорындарда халал стандарттарын енгізу және олардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жанәбіл Жұмабеков семинарға қатысушыларға халал стандарттаудың негізгі талаптарын түсіндіріп, оның маңыздылығын атап өтті. «Халал өнімдер тек діни қағидаларға ғана емес, сонымен қатар санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Бұл тұтынушының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты», — деп атап өтті ол өз сөзінде.
Семинар барысында қатысушылар халал сертификаттау үдерісі, оның талаптары мен жауапкершіліктері жөнінде толық ақпарат алды. Сонымен қатар, «Халал Даму» ЖШС-нің қазіргі атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы даму жоспары туралы мәліметтер ұсынылды.
Іс-шараның нәтижесінде діни қызметкерлерге халал стандарттау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар беріліп, қала кәсіпорындары мен қоғамдық тамақтану орындарына қатысты нақты міндеттер айқындалды. «Халал Даму» ЖШС алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.