АЛАТАУ ҚАЛАСЫ: РУХАНИ ЖИЫН ӨТТІ
Алатау қаласы, Жаңадәуір ықшам ауданында әйелдер мен қыз-келіншектердің діни сауатын арттыру мақсатында тағылымды рухани жиын өтті.
Бұл шараны Алатау қаласының әйел-қыздар секторының жетекшісі Нұрмағамбетова Бақытнұр Төлеуқызы ұйымдастырып, қасиетті Рамазан айының қарсаңында жамағатқа маңызды мәліметтер ұсынды. Рухани басқосу “Айтақын ата” мешітінде өтті. Шара қасиетті Құран аяттары оқылып, дұға бағыштаумен басталды. Мешіт ұстазы Әлия ұстаз Рамазан айының қадір-қасиеті мен уақытты тиімді жоспарлаудың маңыздылығын түсіндіріп, құнды кеңестерімен бөлісті. Ал, Қожа Ахмет Ясауи мешітінің ұстазы Бақытнұр ұстаз қасиетті «Қадір» сүресінің тәпсірін баяндап, оның мәні мен рухани тағылымдары жайлы терең мағлұмат берді.
Жиынның әсерлі әрі танымдық тұсы – оразаға байланысты викториналық сұрақтар болды. Қатысушылар діни сауатын тексеріп қана қоймай, дұрыс жауап беріп, сыйлықтар иеленді. Бұл бөлім шараға ерекше қызығушылық пен серпін беріп, жиналғандардың білімін жетілдіруге ықпал етті. Осындай игі бастамалар әйел-қыздардың рухани дамуына жол ашып, Рамазан айын мәнді әрі мағыналы өткізуге бағыт-бағдар береді. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жалғасын тауып, жамағатқа рухани азық сыйлайды деп жоспарлауда.