АЛАТАУ ҚАЛАСЫНА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алатау қаласының бас имамын тағайындау туралы бұйрығы таныстырылды.
Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы жаңадан бой көтерген Алатау қаласына жұмыс сапары аясында мешіт имамдарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында өкіл имам Бас мүфти бұйрығымен Алатау қалалық «Қожа Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы болып тағайындалған Жұмахан Қуаныш таныстырды. Жұмахан Қуаныш бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы «Имам Мұхаммед» мешітінде имамдық қызметті абыроймен атқарып келген білікті маман. Сонымен қатар өкіл имам жұмыс сапары аясында Алатау қаласының әкімі Әркен Хамитұлымен кездесіп, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Кездесу барысында жаңадан тағайындалған қала имамын таныстырды. «Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қала ішінде Аллаға ең ұнамды жер – мешіттер» деп мәні мен мағынасы терең ой айтқан. Осы орайда қаланың рухани дамуына мешіттер мен дін қызметкерлері қомақты үлес қосып, ат салысады деген сенімдеміз», – деп атап өтті өкіл имам Мадияр Тағайбайұлы.
Дін қызметіндегі имамдарға асыл дініміз исламға қалтқысыз қызмет етулеріне сәттілік тілейміз!