preloader

Жаңалықтар

АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА «АСЫЛ АНАЛАР» ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА «АСЫЛ АНАЛАР» ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

2025 жылдың 18 сәуір күні Алатау қаласындағы №3 орта мектептің кітапханасында Қожа Ахмет Ясауи мешіті жанынан “Асыл аналар” әжелер мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл игі бастама — рухани құндылықтарды ұлықтап, отбасылық тәрбие мен ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған тағылымды жоба.
Шара шымылдығын Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Мағаз ашып, қазақ даласының тарихындағы текті аналар мен дана әжелер жайында тағылымды баяндама жасады. Ол ұлттың сан ғасырлық шежіресіндегі аналардың алар орнын, олардың ер-азаматқа тірек, ұрпаққа үлгі болған қасиеттерін кеңінен тарқатты.
Келесі кезекте Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы сөз алып, “Асыл аналар” мектебінің бүгінгі қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Ол: «Бұл мектеп — аналар мен әжелердің рухани орталығы. Мұнда олар тек өзара сұхбат құрып қана қоймай, жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие берудің жолдарын меңгеріп, қоғамның дамуына сүбелі үлес қоса алады» — деді.
Сондай-ақ, Алатау қаласының әйел-қыздар секторының жетекшісі Бақытнұр Төлеуқызы мектептің мақсат-міндеттерімен таныстырып, оның төрайымы мен көмекшілерін тағайындады. Ол өз сөзінде: «Әйел — отбасының ұйытқысы, ал әже — сол отбасының алтын қазығы. Біз осы мектеп арқылы ұлттық тәрбие мен имандылықты дәріптейміз» — деді.
Шара соңында қатысушы әжелер мен аналар өз ойларын ортаға салып, бір-біріне жүрекжарды тілектерін білдірді. Дастарханда жайылған ақ ниетті әңгімелер ортақ рухани үндестікті айқындай түсті.
Ұлттың рухани бірлігі — оның тілінде, ділінде, салт-дәстүрінде. Бұл құндылықтардың түп тамыры — отбасылық тәрбие мен әже өнегесінде. Себебі өнегелі ұрпақтың іргетасы бесіктен қаланады. Сондықтан да “Асыл аналар” әжелер мектебі — бүгінгі қоғам үшін керек әрі уақыт талабы.