Алатау қаласында Дүниежүзілік тазалық күніне орай сенбілік өтті
Дүниежүзілік тазалық күніне орай Алматы облысы, Алатау қаласындағы мешіттерде сенбілік ұйымдастырылды.
Игі шараға ҚМДБ, Алматы облысы,Алатау қаласы бойынша Жастар ісі секторы, Алатау қаласы Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және қала мешіттерінің дін қызметкерлері қатысты.
Сенбілік барысында мешіт аулалары мен айналасындағы аумақтар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға үлес қосып, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын насихаттады.
Іс-шараның мақсаты – тазалық мәдениетін қалыптастыру, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және туған жерге деген жанашырлықты күшейту.
Ислам дінінде тазалыққа айрықша мән беріледі. Осы бағыттағы игі бастамалар мешіт пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндейді.
Дін қызметкерлері мен жастардың бірлескен бұл бастамасы тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға және қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.


