Алатау қаласында өңір имамдарына арналған рухани семинар өтті
Алатау қаласында өңір имамдарына арналған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыбында арнайы семинар ұйымдастырылды. Рухани басқосудың негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, насихат жұмысының сапасын арттыру және ихсан ілімінің мән-маңызын терең түсіндіру.
Семинарды Алматы облысы бойынша «Ихсан және уағыз-насихат» бағытына жауапты маман Сапарбаев Айдар Кәрімұлы жүргізді. Шара барысында ол қатысушыларға мазмұнды дәріс оқып, ихсан ілімінің исламдағы орны, имандылық тәрбиесіндегі маңызы, сондай-ақ жамағатпен жұмыс жүргізудегі рухани-адамгершілік ұстанымдар жөнінде кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар семинар аясында өңір имамдары өзара тәжірибе алмасып, уағыз-насихат жұмыстарында кездесетін өзекті мәселелерді талқылады. Дін қызметіндегі рухани жауапкершілік, көркем мінез қалыптастыру және қоғаммен байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.




