Алатау қаласында «Ұшыр» насихатталып, қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының 2026 жылға арналған жоспарына сәйкес Алматы облысы, Алатау қаласында «Ұшырды» насихаттау және жинап-тарату қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Игі шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы қатысып, ұшыр садақасының шариғаттағы орны мен қоғамдағы әлеуметтік маңызы туралы насихат айтты.
Өз сөзінде облыстың Бас имамы: «Ұшыр – Алла Тағаланың берген несібесіне шүкіршілік етіп, оның бір бөлігін мұқтаж жандармен бөлісуге үндейтін құлшылық. Осындай игі бастамалар қоғамдағы бауырмалдық пен жанашырлықты арттырып, халқымыздың ізгі дәстүрін жаңғырта түседі. Диқандарымыздың берекелі өнімінен ұшыр бөліп, сауапты іске үлес қосуы – көпке үлгі болатын іс», – деп атап өтті.
Акция аясында жергілікті шаруалардың ұшыр ретінде тапсырған 3 тоннадан астам қияр Алатау қаласына қарасты Жетіген, Еңбек, Жаңадәуір, Жаңаарна, Жаңаталап және Ынтымақ шағын аудандарының тұрғындарына таратылды. Қайырымдылық көмегі ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға жеткізілді.
Шара барысында жиналған жұртшылық ұшыр беруші азаматтарға алғыстарын білдіріп, елдің амандығы мен бірлігіне дұға жасады. Ұйымдастырушылар мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамда өзара қолдау мен мейірімділік құндылықтарын нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.
Айта кетейік, ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қоры жүзеге асырып келе жатқан «Ұшыр» жобасы егін өнімінен берілетін ұшыр садақасын насихаттап, ауыл шаруашылығы өнімдерін мұқтаж жандарға жеткізу арқылы қайырымдылық мәдениетін дамытуға бағытталған.


