АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА «ЗЕКЕТ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ» ҚОРЫ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
Алматы облысы, Алатау қаласы, Жаңадәуір ш.а, «Айтақын ата» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының Алматы облысы бойынша жауапты маманы Иса Серғазыұлының қатысуымен қалаға қарасты мешіттердің имамдары мен дін қызметкерлеріне арналған семинар өтті.
Семинарға Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы қатысып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол қайырымдылық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, мұқтаж жандарға дер кезінде қолдау көрсету және ҚМДБ бекіткен талаптарды сапалы орындау – әрбір дін қызметкерінің маңызды міндеті екенін атап өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмысын ҚМДБ талаптарына сәйкес жүйелі жүргізу, өңірлердегі қайырымдылық жұмыстарын жетілдіру, есептілік пен құжат айналымын біріздендіру, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған қайырымдылық жобаларын түсіндіру болды.
Жиын барысында Иса Серғазыұлы зекет пен садақаның исламдағы орны мен маңызына кеңінен тоқталып, қор жұмысының негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қайырымдылық көмектерін ұйымдастыру тәртібі, мұқтаж отбасыларды анықтау, демеушілермен жүйелі жұмыс жүргізу, құжаттарды талапқа сай рәсімдеу және есептілікті уақытылы тапсыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Семинар барысында республика көлемінде дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Жауапты маман жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып, акцияны жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Иса Серғазыұлы қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, «Зекет және қайырымдылық» қоры аясындағы жұмыстарды ҚМДБ талаптарына сәйкес сапалы әрі жүйелі жүргізу, есептілік тәртібін қатаң сақтау, қайырымдылық шараларын тиімді ұйымдастыру және халықпен байланысты нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Семинар дін қызметкерлерінің «Зекет және қайырымдылық» бағыты бойынша білімдерін жетілдіруге, жұмысты біріздендіруге және ҚМДБ жүктеген міндеттерді сапалы орындауға бағытталған маңызды басқосу болды.





