Алатау қаласында зираттарды тазалау жұмыстары жүргізілді
Алматы облысының Алатау қаласында зираттарды күтіп ұстау және тазалықты сақтау бағытында жұмыстар атқарылды. ҚМДБ-ның «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылған тазалық жұмыстары барысында қала аумағындағы қорымдар ретке келтірілді.
Шара барысында зират аумағы қоқыстан тазартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Қорым ішіндегі ретсіз жатқан заттар ретке келтіріліп, жалпы аумақ жинастырылды.
Зираттарды күтіп ұстау – марқұмдарға құрмет көрсетудің маңызды көріністерінің бірі. Бұл ретте қорымдардың тазалығы мен тәртібін сақтау тек арнайы қызметтердің ғана емес, зиярат етушілер мен тұрғындардың да ортақ жауапкершілігін талап етеді.
«QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының жылдық жоспары аясындағы жұмыстардың мақсаты – зираттардың тазалығын қамтамасыз ету, олардың санитарлық жағдайын жақсарту және қорымдарды күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру.
Аталған бағыттағы тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.


