АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЕКІ МЕШІТКЕ ЖАҢА КІЛЕМДЕР ТӨСЕЛДІ
Алматы облысы, Алатау қаласына қарасты Еңбек шағын ауданындағы «Қасымхан ата» мешіті мен Құйған шағын ауданындағы мешітке жаңа кілемдер төселді.
Аталған игі іс ҚМДБ Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен және демеушілердің демеуімен жүзеге асты. Бұл бастама жамағаттың құлшылықтарын жайлы әрі қолайлы жағдайда орындауына мүмкіндік беріп қана қоймай, мешіттердің ішкі көркін де жаңарта түсті. Мешіт – мұсылман қауымының рухани тәрбие мен ізгілік ордасы. Сондықтан оның тазалығына көңіл бөліп, қажетті жағдай жасау – үлкен сауапты іс. Жергілікті тұрғындар мен мешіт жамағаты игі бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Алла үйінің көркеюіне үлес қосқан әрбір жанның еңбегі сауаптан жазылып, ел бірлігі мен ынтымағының нығаюына қызмет ете бермек.


