Алатауда «Адал қоғам» аллеясы ашылды
Алматы облысының Алатау қаласында «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Адал қоғам» аллеясының ашылу рәсімі өтті. Алатау қалалық «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінің аумағында бой көтерген аллея қоғамдағы адалдық, жауапкершілік, ізгілік және өзара құрмет құндылықтарын насихаттауға бағытталған.
Іс-шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, Алатау қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ардагер Өркенұлы, Ардагерлер ұйымының төрағасы Асқар Махмұтұлы Юсупов, Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы, Қоғамдық кеңес төрайымы Риза Санаққызы Сауырбаева, қалалық мәслихат депутаттары, дін қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, мешіт жамағаты және қала тұрғындары қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы адалдық пен адамгершілік қасиеттердің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. «Адалдық – адам бойындағы көркем қасиеттердің бірі ғана емес, қоғамның береке-бірлігін қалыптастыратын маңызды құндылық. Ислам діні адам баласын шыншылдыққа, аманатқа беріктікке, жауапкершілікке және ізгілікке үндейді. «Адал қоғам» аллеясы осы құндылықтарды халық арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін рухани орын болады деп сенеміз», – деді Мадияр қажы Тағайбайұлы.
Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде аллея аумағына көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар қоршаған ортаны көгалдандыруға үлес қосып, жаңа аллеяның көркеюіне атсалысты.
Көшет отырғызу бастамасы табиғатты қорғау мен елді мекенді абаттандырудың ғана емес, өскелең ұрпаққа жауапкершілік пен отансүйгіштік құндылықтарын үлгі етудің бір көрінісі ретінде ұйымдастырылды. Әрбір отырғызылған көшет келешекке жасалған игі істің нышаны ретінде аллеяның мазмұнымен үндеседі.
Жиын барысында «Адал қоғам» аллеясының мақсаты мен маңызы таныстырылып, қоғамда адалдық, жауапкершілік, өзара құрмет пен ізгілік қағидаттарын орнықтырудың маңыздылығы айтылды.
Жаңа аллея мешіт жамағаты мен қала тұрғындары үшін рухани-танымдық кездесулер, тәрбиелік іс-шаралар өткізуге арналған қоғамдық кеңістік ретінде қызмет етпек.
«Адал қоғам» аллеясының ашылуы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған 2026 жылғы «Ислам және адал қоғам» жылы аясындағы рухани-ағартушылық бағыттағы игі бастамалардың бірі.


