АЛАТАУДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Алатау қаласына қарасты елді мекендерде жаңа оқу жылы қарсаңында «Білімді ұрпақ – болашақ кепілі» атты қайырымдылық шарасы өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Зекет және қайырымдылық” қорының жылдық жоспары аясында ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясы Жетіген, Жаңадәуір, Ынтымақ, Жаңаталап, Заречный және Қоянқұс шағын аудандарын қамтыды.
Игі шараға Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы, ҚМДБ “Зекет және қайырымдылық” қорының Алматы облысы бойынша жауапты маманы Иса Серғазыұлы, қала мешіттерінің дін қызметкерлері, ата-аналар мен мектеп ұжымдарының өкілдері қатысты.
Акция барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына мектепке қажетті оқу құралдары табысталды. Атап айтқанда, 30 оқушыға мектеп формасы, 200-ге жуық оқушыға мектеп сөмкелері мен оқу құрал-жабдықтары берілді.
Қайырымдылық шарасында сөз алған Иса Серғазыұлы мұндай игі бастамалардың қоғамдағы маңызына тоқталды.
«Білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. «Мектепке жол» акциясы арқылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетіп, оқушылардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауына себеп болуды көздеп отырмыз. Осы игі іске үлес қосқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз. Алла Тағала жасаған қайырымдылықтарыңызға еселеп сауап жазсын», – деді Иса Серғазыұлы.
Өз кезегінде Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы қайырымдылықтың маңыздылығына тоқталып, балаларға жасалған әрбір жақсылықтың үлкен тәрбиелік мәні бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қоры жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына қолдау көрсетіп келеді.
Алатау қаласында өткен бұл қайырымдылық шарасы да балаларға қамқорлық танытып, білімге ұмтылған жас ұрпақты қолдауға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.


