Алатауда «Qamqor-Sharapat» орталығы діни рәсімдерді жүйелеу тақырыбында семинар өткізді
Алатау қаласында діни рәсімдерді жүйелеу, зират мәдениетін қалыптастыру және ысыраптың алдын алу мәселелеріне арналған семинар өтті. Шараға Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы, ҚМДБ-ның «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы Алматы облысы филиалының директоры Жанабек Амантайұлы және дін қызметкерлері қатысты.
Өз сөзінде Жанабек Амантайұлы:
«Қабір басындағы бәсекені тоқтатып, ысырапқа жол бермеу үшін Діни басқарма зираттарды біріздендіру жұмысын қолға алды. Жерлеу рәсімдері шариғат талаптарына әрі ата-баба дәстүріне сай болумен қатар, заманға лайықты жинақы болуы тиіс», – деді.
Сондай-ақ, ол ҚМДБ бекіткен үлгіге сәйкес қызмет көрсетіп келе жатқан «Qamqor-Sharapat» орталығының жұмыстары халық тарапынан қолдау тауып отырғанын атап өтті.
Семинар барысында қатысушыларға орталықтың қызметі таныстырылып, ҚМДБ-ның «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжаттарына сәйкес жерлеу, ас беру және өзге де діни рәсімдерді өткізудің тәртібі түсіндірілді.



