Алатауда «Рамазан сыйы» марафоны аясында қайырымдылық шарасы өтті
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Рамазан сыйы» республикалық қайырымдылық марафоны аясында Алматы облысы Алатау қаласында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді. Игі бастама барысында 50 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді.
Шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, қасиетті Рамазан айында жасалған әрбір жақсылықтың сауабы мол екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол қоғамда өзара жанашырлық пен қайырымдылық мәдениетін дамыту – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары қоғамдағы мейірім мен бірлікті арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, «Рамазан сыйы» республикалық марафоны аясындағы игі істер алдағы уақытта да жалғасып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге аса бермек.



