АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДА УАҚЫП ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
Алатау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының бастамасымен қайырымдылық ісіне үлес қосқан азаматқа құрмет көрсету рәсімі өтті.
Іс-шара барысында құдық қаздыру қайырымдылық жобасына демеушілік жасап, сауапты іске қолдау білдірген Ардагер Өркенұлы Ақжігітовке арнайы уақып табысталды.
Жиынға Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы мен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша жауапты маманы Нұртай Иманберлинов қатысып, уақыптың қоғамдағы орны мен қайырымдылық мәдениетін қалыптастырудағы маңызы туралы сөз сөйледі.
Қаланың бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы уақыптың Исламдағы орнына тоқталып, оның сауабы үзілмейтін садақаның бір түрі екенін атап өтті. Сондай-ақ жамағатты қайырымдылық жасауға, әлеуметтік маңызы бар игі жобаларға қолдау көрсетуге шақырды.
Өз кезегінде Нұртай Иманберлинов қордың негізгі қызмет бағыттары мен жүзеге асырып жатқан қайырымдылық жобалары жөнінде мәлімет беріп, құдық қаздыру сынды игі бастамалардың қоғам игілігіне қызмет ететінін жеткізді. Жиын соңында қатысушылар ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, сауапты амалдарының қабыл болуына дұға жасады.


