АЛАТАУДА ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДАН САҚТАНДЫРУ БАҒЫТЫ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялауына орай діни тұрақтылықты сақтау және қоғамның діни сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы мақсатта Алатау қаласында мешіт имамдарының қатысуымен жат діни ағымдардан сақтандыру бағыты бойынша жиын өтті.
Жиынға Алматы облысы бойынша жат діни ағымдардан сақтандыру бағытына жауапты имам Талғат Абайұлы қатысып, аталған бағыттағы жұмыстардың өзекті мәселелерін ортаға салды.
Кездесу барысында дін қызметкерлерінің қоғамдағы діни ахуалды тұрақтандырудағы рөліне ерекше мән берілді. Атап айтқанда, мешіт жамағатына, жастарға және түрлі әлеуметтік топтарға дәстүрлі ислам құндылықтарын дұрыс әрі түсінікті жеткізу, теріс діни идеологияның алдын алу, діни мәселелер бойынша сауатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.
Талғат Абайұлы имамдарға жат діни ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға тигізуі мүмкін кері әсерлерін түсіндіруде насихат жұмыстарының мазмұнына мән берудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар халық арасында діни сауаттылықты арттыру, сұрақтарға дер кезінде жауап беру және жастармен жеке әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
Жиын соңында мешіт имамдарына жат діни ағымдардан сақтандыру бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайтуға үлес қосу жөнінде бірқатар міндеттер жүктелді.


