Алматы облысы имамдарының жарты жылдық қорытынды жиналысы өтті
Алматы облысы Райымбек ауданында «Ислам және адал қоғам» жылы аясында аудан имамдары мен бағыттарға жауапты имамдардың 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары бойынша қорытынды жиын өтті.
Жиынға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қатысып, алғашқы жартыжылдықта жүзеге асырылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады.
Басқосуда имамдардың қызметі төрт негізгі бағыт бойынша қаралды. Атап айтқанда, оқу-ағарту, уағыз-насихат, дәстүр және отбасы, сондай-ақ діни оңалту бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, көрсеткіштері нақтыланды. Сонымен қатар әр бағыттағы жетістіктер мен өзекті мәселелер талқыланып, жұмыстың сапасын арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Мадияр қажы Тағайбайұлы өз сөзінде имамдардың қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтаудағы жауапкершілігіне тоқталып, халықпен жүйелі жұмыс жүргізу, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу және діни-ағарту ісінің сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ әрбір мешіттің бекітілген жоспарларға сәйкес нәтижелі жұмыс атқарып, жамағатпен байланысты нығайту қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында алдағы жартыжылдыққа арналған жоспарлар бекітіліп, жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар «Ислам және адал қоғам» жылы аясындағы жобаларды сапалы жүзеге асыру, өңірдегі діни ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және халыққа рухани қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мәселелері кеңінен пысықталды.


