preloader

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: МЕШІТ, МЕДРЕСЕ СӨРЕЛЕРІНДЕГІ ДІНИ КІТАПТАР ТЕКСЕРІЛДІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: МЕШІТ, МЕДРЕСЕ СӨРЕЛЕРІНДЕГІ ДІНИ КІТАПТАР ТЕКСЕРІЛДІ

Мүфтияттың сараптама бөлімі бекіткен жоспарға сәйкес, еліміздегі діни мекемелердегі кітап сөрелерін тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы ретте, Алматы облысы бойынша ауқымды сараптамалық жұмыс атқарылды.

Атап айтқанда, өңірдегі 316 мешіт, 1 медресе-колледж, 1 «Нұр-Мүбәрак» университетінің дайындық курсы, 3 қайырымдылық мекемесі, 3 сауат ашу орталығы, 7 діни дүкен, 8 намазхана және 3 түзету мекемесінің кітап сөрелері толықтай тексерістен өтті. Жүргізілген тексерістің нәтижесінде жалпы саны 15 000-ға жуық діни әдебиеттер қамтылды.

Сараптама барысында барлық кітаптардың мазмұнына терең талдау жасалып, олардың мазһабтық ұстанымы мен діни бағыт-бағдары мұқият қаралды. Нәтижесінде, сөрелердегі ешбір кітаптың ханафи мазһабы мен матуриди ақидасына қайшы келмейтіні анықталды. Яғни, ел мұсылмандарының діни сенімі мен діни танымына кереғар, күмәнді мазмұндағы кітаптар тіркелген жоқ.

Осылайша, тексеріс қорытындысы бойынша Алматы облысы аумағындағы барлық діни мекемелердегі кітап сөрелеріндегі әдебиеттер талапқа толықтай сай деп танылды. Бұл өз кезегінде ҚМДБ бекіткен діни тұғырнаманың өңірлерде орнықты қалыптасқанын және діни әдебиеттерге деген бақылау мен сұрыптаудың жүйелі жүргізіліп отырғанын айғақтайды.