Алматы облысында Бас мүфти кеңесшісі өскелең ұрпақпен кездесті
Алматы облысы Жастар ресурстық орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиінің кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков өскелең ұрпақпен кездесу өткізді.
Іс-шараның басында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қонақ спикерді таныстырды.
Кездесу барысында өскелең ұрпаққа адалдық пен әділдіктің қоғамдағы орны түсіндіріліп, «біреудің ала жібін аттамау» – адамдықтың басты қағидасы екені айтылды. Сондай-ақ, қоғамға зиян келтіретін жат қылықтардың алдын алу, темекі өнімдері мен синтетикалық есірткілерден бойды аулақ ұстаудың маңызы кеңінен түсіндірілді.
Смайыл Сүйерқұлұлы өскелең ұрпаққа: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген нақылды жеткізіп, әрбір жастың жүрегінде ар-ұят, имандылық пен жауапкершілік қасиеттері болуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол өскелең буынды Отанды сүюге үндеп: «Отанымның бір уыс топырағын басқа елдің бір уыс алтынына айырбастамаймын» деген ұстанымды үлгі етті. Оның айтуынша, Отанды қорғау, елге адал қызмет ету – әрбір азаматтың асыл парызы.



