Алматы облысында имамдар арасындағы Құран байқауы аяқталды
Келе жатқа Рамазан айына орай Қонаев қаласында ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігінің бастамасымен елімізде тұңғыш рет имамдардың арасында Құран байқауы өтті.
Қарасай ауданы Ақсеңгір ауылы «Абдуғаппар Сманов» мешітінде өткен жарыстың алғы сөзін ҚМДБ-ның Құран секторының меңгерушісі Серік қари Полатқанұлы алып:
«ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Құран секторы ашылды. Аталған сектор Қарилар даярлау орталықтарының жұмысын жандандыруға, Құранды сауатты оқитын имамдар шоғырын қалыптастыруға және Құран жарыстарын сапалы әрі нәтижелі өткізуге жан-жақты үлес қосатын болатын» деп, бүгін өтіп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды.
Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес жергілікті имамдарға арналған 2 айлық Құран курсы өз жұмысын нәтижелі аяқтағаны туралы айта келе, осы байқауды ұйымдастырушы азаматтарға ризашылығын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Құран Кәрімнің 2 парасын, 1 парасын және жарты парасын жатқа айту аталымдары бойынша өткен жарысқа ҚМДБ-ның Құран секторының меңгерушісі Серік Полатқанұлы, «Абдуғаппар Сманов» мешітінің имамы Абдухалық Абдушүкірұлы және Боралдай кенті Водник-2 ы/а «Арын қажы» мешітінің ұстазы Хұсниддин Акбарұлы сияқты қарилардан құралған әділқазылар алқасы төрелік етті.
Өңіріміздің әр ауданынан 56 имам қатысқан шараны Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Сәкен Еншібайұлы жүргізді.
Қазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері төмендегідей:
2 пара аталымы бойынша:
І орын (Ұмра қажылығы) – Шакірат Самат (Еңбекшіқазақ аудандық «Имам Мұхаммед» мешітінің наиб имамы);
ІІ орын (200.000 тг) – Сұлтанбек Нұрбол (Қарасай аудандық «Түркістан» мешітінің наиб имамы);
ІІІ орын (150.000 тг) – Құдайберген Шохан (Іле ауданы Боралдай кенті Водник-2 ы/а «Арын қажы» мешітінің наиб имамы).
1 пара аталымы бойынша:
І орын (150.000 тг) – Медеуов Елжан (Еңбекшіқазақ ауданы, «UAIS» мешітінің наиб имамы);
ІІ орын (120.000 тг) – Қарабазар Месуд (Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы);
ІІІ орын (100.000 тг) – Кәрібаев Сұлтанбек (Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе ауылы «Қалыбек батыр» мешітінің имамы).
Жарты пара аталымы бойынша:
І орын (100.000 тг) – Хакімов Ислам (Ұйғыр ауданы, Шырын ауылдық мешітінің имамы);
ІІ орын (70.000 тг) – Жұматаев Алмас (Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылдық мешітінің имамы);
ІІІ орын (50.000 тг) – Құрманбаев Серік (Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылдық мешітінің имам.
Байқау соңында Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы 2 ай бойы дін қызметкерлеріне дәріс жүргізген қариларға алғыс айтып, құрмет көрсетті.