preloader

Жаңалықтар

Алматы облысында «Отбасы тәрбиесі және адал қоғам» республикалық рухани-танымдық форумы өтті

Алматы облысында «Отбасы тәрбиесі және адал қоғам» республикалық рухани-танымдық форумы өтті

Алматы облысы Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде «Отбасы тәрбиесі және адал қоғам» атты республикалық рухани-танымдық форум өтті.

Тағылымды жиынның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, қоғамда адалдық пен ізгілік қағидаларын қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылау.

Форумға Алматы облысының Бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдауылы Жүсіпов арнайы қатысып, сондай-ақ Алматы облыстық «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов, Алматы облысы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уәли Қайсар Ержанұлы, Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Нұрсейітұлы Дәуталиев, қоғам қайраткері, ҚР Білім беру саласының үздігі Қамнұр Тәлімұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, форумға ауданның бас имамдары мен мешіт имамдары, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Аналар кеңесінің өкілдері, жастар, жас жұбайлар және қоғам белсенділері қатысып, отбасы құндылықтары төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Форумды Алматы облысының Бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жүргізді. Тағылымды жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, алғашқы сөзді алған облыстың бас имамы отбасы тәрбиесінің қоғам тұрақтылығы мен ұлт болашағын айқындайтын басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдауылы Жүсіпов сөз сөйлеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің сәлемін жеткізді. Ол «Дәстүр және отбасы құндылығы» тақырыбында баяндама жасап, отбасы – ұлттың рухани тірегі әрі қоғамның берік негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының өзара сабақтастығына тоқталып, жас ұрпақтың санасына имандылықты, адамгершілікті және отбасылық жауапкершілікті сіңірудің маңыздылығын кеңінен түсіндірді.

Спикерлер «Отбасы құндылығы»,  «Ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту – қоғам тұрақтылығының кепілі», «Отбасы егемендігі – Қазақстан қоғамының фундаменталды құндылығы», сондай-ақ «Адал қоғам қалыптастыруда ата-ананың жауапкершілігі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасап, қоғамдағы отбасының орны, ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде маңызды ой-пікірлерімен бөлісті.

Форум соңында қатысушылар рухани тәрбие мен отбасы құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай тағылымды кездесулердің қоғамдағы бірлік пен ізгілікті нығайтуға оң ықпал ететінін жеткізді.