Алматы облысында С санаттағы дін қызметкерлерінің емтихан қабылдау жұмысы басталды
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының 2025 жылға арналған оқу-ағарту бағытындағы кешенді жоспарына сәйкес, Алматы облысында дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы орайда, облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының ұйымдастыруымен С санатындағы дін қызметкерлерінің алғашқы легінен білім емтиханы сәтті өткізілді.
Бұған дейін имамдар ҚМДБ тарапынан бекітілген арнайы оқу бағдарламасы негізінде бірқатар семинарлар мен курстардан өткен болатын. Бұл семинарларда олар Құран ілімі, ақида (сенім негіздері), фиқһ (шариғат үкімдері), хадис, ислам тарихы және ҚМДБ-ның концептуалдық құжаттары сынды маңызды пәндерден терең білім алды.
Емтихан үш негізгі пән бойынша жүргізілді:
-
Құран оқу;
-
Ислам ғибадаты;
-
«Дін істері» тақырыбындағы 40 хадис.
Білімін сәтті дәлелдеп, емтиханнан “4” пен “5” бағасын алған дін қызметкерлері С санатына лайық екендіктерін көрсетті. Бұл – олардың тек діни білімін ғана емес, кәсіби біліктілігін де жаңа деңгейге көтеруге жасалған маңызды қадам.
Жыл соңына дейін Алматы облысы көлеміндегі барлық дін қызметкерлері осындай білім сынағынан өтіп, өз деңгейін бекітуі қажет. Бұл бастама – ҚМДБ-ның сапалы діни қызмет пен терең білімге негізделген дін мамандарын даярлау жолындағы мақсатты жұмысының нәтижесі.



