АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ
Алматы облысының бас имамы, Мадияр қажы Тағайбайұлы мен Алатау қаласының әкімі Әркен Хамитұлы өзара маңызды кездесу өткізіп, қаланың рухани келешегіне қатысты келелі мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында ең алдымен Алатау қаласында бой көтеретін орталық мешіттің орны мен сәулеттік шешімі жайлы кеңінен сөз болды. Екі тарап та мешіттің тек құлшылық орны ғана емес, рухани-мәдени орталық ретінде халыққа қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Мешіттің сәулеті мен орналасатын жері тұрғындардың қолайына жағатын, тыныштығы мен бірлігіне ұйытқы боларлық орын болуы қажет деген пікірге келді.
Сонымен қатар, қаладағы қазіргі діни ахуал, жастардың дінге деген қызығушылығы мен рухани тәрбиенің деңгейі туралы ашық пікір алмасу болды. Бас имам қала әкімдігімен бірлесе отырып, Алатаудың тұрғындарына діни білім беру, мешіт жанындағы сауат ашу курстарын жандандыру, сондай-ақ түрлі рухани іс-шараларды ұйымдастыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
Жылы жүздесудің нәтижесінде екі тарап бірлескен жұмыс пен ортақ мақсат аясында күш біріктіруге дайын екендерін жеткізді. Бұл кездесудің қаланың рухани дамуында өзіндік орны болары сөзсіз.




