АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «QMDB EXPO-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
Алматы облысының дін қызметкерлері Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесіне қатысты.
Жаңа форматта ұйымдастырылған ауқымды көрмеде ҚМДБ-ның негізгі қызмет бағыттары, мекемелері мен жобалары, сондай-ақ отандық және шетелдік халал индустрия өкілдерінің өнімдері мен қызметтері таныстырылды. Көрменің ресми ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Көрме алаңында жүзге жуық компания өз өнімдері мен қызметтерін көпшілік назарына ұсынып, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қытай, Тәжікстан және басқа да елдерден келген сала өкілдері тәжірибе алмасуда.
Алматы облысының дін қызметкерлері көрме барысында халал өнімдермен, діни-ағартушылық, қайырымдылық, ақпарат, баспа, қажылық, уақып, цифрландыру және әлеуметтік бағыттарда жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен танысты.
«QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі ҚМДБ-ның сан қырлы қызметін кеңінен таныстырып, тәжірибе алмасуға және жаңа бастамалармен танысуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.


