preloader

Жаңалықтар

«Арын қажы» мешітінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жоғары деңгейде атап өтілді

«Арын қажы» мешітінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жоғары деңгейде атап өтілді

Алматы облысы Іле ауданына қарасты «Арын қажы» мешітінің ұйымдастыруымен әз-Наурыз мерекесіне арналған салтанатты рухани-тағылымды шара өтті. Мерекелік рухани кеш «Ислам және ұлттық дәстүр – адал қоғамның қос тірегі» тақырыбы аясында өрбіп, ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиені дәріптеуді негізге алды. Мерекелік жиынға Іле ауданының бас имамы Сүлейманов Талғат Абайұлы, «Арын қажы» мешітінің бас имамы Сейітұлы Алдажар, ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Сондай-ақ кештің құрметті қонағы ретінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы, тәпсір саласы бойынша PhD докторы Данияр Абдуссамад қатысып, жиналған жамағатқа дін мен дәстүр сабақтастығы төңірегінде терең мағыналы уағыз-насихат айтты.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – қазақтың байырғы салты тұсаукесу рәсімі болды. Іле ауданының бас имамы Талғат Абайұлы мен PhD доктор Данияр Абдуссамад бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ баталарын беріп, сәбидің болашағы жарқын, иманды азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.
Мерекенің мазмұнды өтуіне Іле ауданы әйел-қыздар секторының жетекшісі, «Арын қажы» мешітінің ұстазы Зейнелханова Айсұлу Амангельдіқызы үлкен үлес қосты. Ұстаздың бастамасымен мешіт шәкірттері сахналық қойылымдар арқылы қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық нақыштағы өнерлерін паш етті. Жас буынның орындауындағы бұл қойылымдардан отансүйгіштік пен имандылықтың нышаны айқын көрінді.
Шара соңында аудан тұрғындары мен мешіт жамағатына арнайы жайылған ақ дастарқанда ұлттық тағамдар ұсынылып, ақсақалдар елдің тыныштығы мен бірлігі үшін бата берді. Ұлттық рух пен діни құндылықтар тоғысқан бұл кеш қатысушыларға рухани серпіліс сыйлап, береке мен бірліктің жарқын үлгісіне айналды.