Азаншылар жарысына облыс бойынша іріктеу сайысы өтті
Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінде «Әдемі әуезді азаншы» IV республикалық азаншылар жарысына облыс бойынша іріктеу сайысы өтті.
Қасиетті Мухаррам айында ұйымдастырылған іріктеу сайысына Алматы облысының барлық аудандарынан 20 үміткер қатысты.
Бірінен бірі өткен, азанды жүректерге жеткізе білген үміткерлердің ішінен жүзден жүйрігін анықтау оңай болған жоқ.
Қатысушыларды сынақтан өткізуге «Абдуғаппар Сманов» мешітінің бас имамы Рахимов Абдухалық ұстаз, Хусамуддин Ас-Сығанақи қарилар дайындау ижаза орталығының директоры Бақытжанұлы Ақжолтай қари, «Орбита-3» мешітінің азаншысы Сарыбаев Қайрат Кенжебекұлы өздерінің әділ бағаларын беруге әділқазылар алқасының құрамында болып, сайысқа қатысушы азаншыларға және жамағатқа Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде мағыналы уағыз айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерімен таныстырып өтті.
Баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді.
Қазылар алқасының шешімен Қарасай ауданының атынан келген Солтанбек Нұрбол 3-орын иегері атанса (30 000тг), Іле ауданынан келген Хусниддин қари 2-орынды (70 000) қанжығасына байлады. Ал 1-орынды (100 000тг) Талғар ауданынан келген Асанқұл Нұрбол жеңіп алды.
«Әдемі әуезді азаншы» атанған жеңімпаз Қарағанды облысында өтетін IV республикалық азаншылар байқауына жолдама алды.



