preloader

Жаңалықтар

Балқаш ауданы: Рухани саяхат – таным мен тәлімнің тоғысы

Балқаш ауданы: Рухани саяхат – таным мен тәлімнің тоғысы

Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылындағы “Оспанқожа ата” мешітінде өтіп жатқан “Имани жаз – 2025” жазғы сауат ашу курсы аясында тағылымды бір күн ұйымдастырылды. Шәкірттерге рухани-танымдық бағытта тарихи өлкетану мұражайына мазмұнды экскурсия жасалды. Бұл игі шара Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының оқу-ағарту бағыты негізінде бекітілген жылдық жоспарға және Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлының арнайы тапсырмасына сәйкес жүзеге асты.

Сапар барысында балалар тек көне жәдігерлермен танысып қана қоймай, туған өлкенің бай тарихынан сыр шертер мол мағлұмат алды. Мұражай төрінен орын алған ұлттық құндылықтар, ел қорғаған батырлар мен дін қайраткерлеріне қатысты экспонаттар шәкірттердің елжандылық пен рухани танымын тереңдетіп, тарихқа деген қызығушылығын оятты.

Жазғы курстың басты мақсаты – жас буынға діни білім берумен қатар, олардың санасына ұлттық рух пен имандылықтың негізін сіңіру. Осы тұрғыдан алғанда, бұл саяхат – балғын жүректерге тәрбиенің тағы бір жарқын үлгісін көрсетті. Шәкірттер өз әсерлерін қуанышпен бөлісіп, рухани серпіліс алғандарын жеткізді.

Мешіт ұстаздары мен курс жетекшілері мұндай іс-шаралардың балалардың жан-жақты дамуына зор ықпал ететінін атап өтті. Алдағы уақытта да осындай тәрбиелік мәні зор танымдық кездесулер жалғасын табатын болады.