БАЛҚАШ АУДАНЫНДА «ДӘСТҮР ЖӘНЕ ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
БАЛҚАШ АУДАНЫНДА «ДӘСТҮР ЖӘНЕ ОТБАСЫ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты Балатопар ауылдық мәдениет үйінде «Дәстүр және отбасы»тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Дін қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен басқосудың негізгі мақсаты – отбасы институтының маңызын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақ тәрбиесіндегі дәстүр мен дін сабақтастығын кеңінен түсіндіру.
Кездесу барысында Алматы облыстық «Қапшағай» орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлыбаяндама жасап, қазақ халқының салт-дәстүріндегі отбасы құндылықтарының орны мен тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ жастар тәрбиесінде ата-бабадан мирас болып келе жатқан өнегелі жолды жалғастырудың, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтаудың маңызын атап өтті.
Тағылымды басқосу аясында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында Әлихан есімді бүлдіршіннің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Қазақ халқының балаға ақ жол тілеп, алғашқы қадамына сәттілік тілеу дәстүріне сай Әлиханның тұсауы кесіліп, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар бүлдіршінге ақ баталарын берді. Үлкендер оның қадамы нық, өмір жолы жарқын болуына ізгі тілектерін білдірді. Тұсаукесер рәсімінің «Дәстүр және отбасы» тақырыбындағы кездесумен сабақтас өтуі ұлттық салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәнін іс жүзінде көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын айшықтай түсті.




