Бас имамның Рамазан айымен құттықтауы
Құрметті Алматы облысының тұрғындары және қонақтары!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз мадақтар болсын.
Сіздерді ораза айы – қасиетті Рамазанның басталуымен шын жүректен құттықтаймын.
Мүбәрәк айды тағы да қарсы алу мүмкіндігін нәсіп еткені үшін Алла Тағалаға шүкіршілік етіп, барынша пайдалы өткізу үшін Раббымыздан жәрдем сұрауымыз керек.
Бұл – Жаратушының мейірімі төгілетін мезгіл, өзгерістің, ерік-жігердің және мойынсұнудың берекелі уақыты.
Рамазан – мұсылмандарға баға жетпес сый, жол көрсетуші, жақсылыққа шақырып, жамандықтан сақтайтын қасиетті Құран түсірілген ай екенін есте сақтап, Алланың Кәләмына ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Рамазан айында ораза ұстаушылар жаман ой, өтірік, өсек айту сияқты жағымсыз амалдардан және мұсылмандарға жат әрекеттерден аулақ болуы керек. Сол себепті бұл ай – тәнімізді ғана емес, жанымызды да түрлі жаман қасиеттерден тазартудың бірден-бір мүмкіндігі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Осы ретте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мұқтаж жандарға жәрдем беруге бағытталған қайырымдылық шараларына барынша қолдау көрсетуге шақырамын.
Алла Тағала баршамызға Рамазан айын тиімді өткізуді жазсын. Әмин!
Мадияр қажы Тағайбайұлы,
Алматы облысының бас имамы