Бас мүфти ауыл мешітінде жұма уағызын айтты
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қызылту ауылының мешітінде жамағатқа жұма уағызын айтты.
Бас мүфти «Ибраһим Халилулла» мешітінде «Өзгені өзіңнен жоғары қою – ізгілер сипаты» тақырыбында жұма уағызын өткізіп, жамағатты өзара бауырмал, жанашыр болуға шақырды.
«Асыл дініміз Ислам мұсылмандарды тек өзін ғана емес, өзгелердің де қал-жағдайын ойлап, уайымдап, қарайласуды, өзгені өзінен де жоғары қою қатежіттігін үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі тәлімін көрген сахабалары бір-біріне бауырмал, жанашыр әрі әрқайсысы өзінің жеке басының қажеттілігінен, өзгенің қажеттілігін жоғары қоятын еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 9-аятында Меккеден көшіп келген мұһажирлерге жәрдемдескен мәдиналық ансарлар туралы: «Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар», – деп айтқан.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеде өмірінің соңына дейін үш күн қатарынан тойып тамақ жеген емес. Қаласақ тойып жейтін мүмкіндігіміз бар еді. Бірақ өзгелердің қажетін өзімізден артық қоятын едік», – деген.
Халқымызда: «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі», «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді», – деген нақыл сөздер адам баласына өзінің жеке басының қамын емес, өзгенің де қамын жеп, уайымдауды үндейді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти жұма намазынан кейін ауыл мешітінің жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.