preloader

Жаңалықтар

Бас мүфти елордада жұма уағызын айтты

Бас мүфти елордада жұма уағызын айтты

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордасы Астанадағы «Aqmeshit» мешітінде жұма уағызын айтты.

«Құран сауатты болуды талап етеді» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Асыл дініміз Исламда мұсылман адамның білім алып, оған амал етуінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді үйретті», – деп, оқуға бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аяттар). Бұл аяттардан оқу, білім алу дініміздің ең басты талаптарының бірі екенін ұғынамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенімен амал етіп, өзгелерді де үйретуге шақырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын): «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай тәлімін көрген саңлақ сахабалар білімнің маңызын ерекше бағалап, оны бәрінен артық қоя білді» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасап, бүгін мектеп, жоғары оқу орындарының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге, жас шәкірттерге Алла Тағаладан білімге деген ықылас, әдеп пен зейін тіледі.