Бас мүфти Ислам институтында дін қызметкерлерімен кездесті
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына сапары барысында Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтында дін қызметкерлерімен кездесті.
Еліміздің әр түкпірінен келген имамдарға Бас мүфти: «Имам – рухани тұлға. Оның қоғамдағы мәртебесі әуелден айқын және халқымыздың имамдарға деген құрметі ерекше. Әйтсе де, уақыт ағымы қай салада болмасын әрдайым ізденісті талап етіп отырғаны мәлім. Сондықтан мүфтият әрдайым имамдарымыздың, барша дін қызметкерінің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отыруға баса назар аударады. Биылғы жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп атадық. Осы орайда асыл дініміз бен ата-бабамыздан мұра болған салт-дәстүрімізді ел арасында насихаттай беруге шақырамын. Алла Тағала дін жолындағы қызмет-істеріңізге береке берсін», — деді.
Өз кезегінде ҚМДБ жанындағы республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтының директоры Серікбай Ораз Бас мүфтиге оқу орнының бүгінгі тынысын, жұмыс барысын таныстырып өтті.