preloader

Жаңалықтар

Бояулыдағы берекелі білім ордасы

Бояулыдағы берекелі білім ордасы

Балқаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Сүлейменов Талғат Бақанас ауылдық округіне қарасты Бояулы ауылындағы «Молдақасым» жеке қайырымдылық мекемесіне арнайы ат басын бұрды.

Мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы шәкірттермен емен-жарқын сұхбат құрған наиб имам жастарды ғылым мен руханият жолында талмай ізденуге үндеді. Ол шәкірттерге Нұр-Мүбарак университетіне жол ашатын бұл дайындық курсында әр сәтті бағалап, терең білім алуға тілектестік білдірді.

Білім ордасы ақида, фиқһ, Құран тәжуиді, араб тілі мен Пайғамбар өмірі сынды ілімдерді игеруге лайықты жағдаймен қамтылған. 26 адамға арналған бір қабатты ғимаратта оқу сыныптары, жатақхана, кітапхана, асхана және спорт алаңы бар.

Кітап қорында қазақша және арабша әдебиеттер молынан табылып, дін мен дүние ілімін қатар ұштастыруға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, шәкірттер ҰБТ-ға дайындық аясында Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығы пәндерінен де дәріс алуда.

«Молдақасым» мекемесі – жастардың жүрегіне иман нұрын себетін, болашағына жол сілтейтін рухани білімнің алтын ұясы.