preloader

Жаңалықтар

«Брайль» әдісі бойынша «Фикху Сира» кітабының тұсаукесері өтті

«Брайль» әдісі бойынша «Фикху Сира» кітабының тұсаукесері өтті

Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Шынасыл» мешітінде «Брайль» әдісімен басылған «Фикху Сира» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған еңбек «7 нүкте» зағип жандарға Брайль үлгісімен білім беру орталығы жүзеге асырған жоба аясында жарық көрді. Бұл жоба – көру қабілеті шектеулі жандардың діни білім алуына мүмкіндік беретін маңызды бастама. Шараға Алматы облысының өкіл имамы Пірімқұлов Мадияр қажы Тағайбайұлы, Зекет және қайырымдылық қорыбасшысы Мақсатбек Мақсатұлы, Жамбыл ауданының «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Сүмбүлшаш Рыскелдіқызы, «Әжелер» мектебінің мүшелері және мешіт имамдары қатысты.

Жиын барысында облыстың бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы аталмыш еңбектің маңыздылығына тоқталып, оның зағип жандар үшін аса қажетті рухани құрал екенін атап өтті. «Құрметті имамдар, әпке-қарындастар! Сіздерді қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл еңбек зағип жандар тарапынан ұзақ уақыт күтілген дүние еді. Осы бағытта алғаш рет “Фикху Сира” кітабы жарық көріп отыр. Еңбекті әзірлеуге үлес қосқан Айнұр Хумарбек ұстазға шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұл кітап зағип жандар үшін таптырмас рухани қазына боларына сенімдімін. Алла Тағала әр шаңыраққа береке мен ынтымақ нәсіп етсін», – деді өкіл имам.

Аталған игі бастама – ерекше қажеттілігі бар жандарға діни білім алуға тең мүмкіндік жасаудың, қоғамдағы жанашырлық пен рухани жауапкершіліктің жарқын көрінісі.