preloader

Жаңалықтар

«ДІН МЕН ДӘСТҮР» БІЛІМ САЙЫСЫ. ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

«ДІН МЕН ДӘСТҮР» БІЛІМ САЙЫСЫ. ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Алматы облысы, Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында облыс мешіт жамағаттары арасында рухани әрі танымдық маңызы зор білім сайысы өтті. Бұл ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр – 3» кітабы аясында ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға облысқа қарасты 2 қала мен 9 ауданнан келген үміткерлер қатысып, өзара білім мен парасат сынға түсті.

Жалпы сайысқа әр өңірден 2 үміткерден қатысып, діни сауаты мен ұлттық дүниетанымы үйлескен, білім мен руханиятты қатар меңгерген жастар бақ сынады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үміткерлер арасынан үздік үштік төмендегідей анықталды:

🥇 І орын – Қарасай ауданынан келген Ерғалиев Бекполат байқауда ерекше білім көрсетіп, Ұмра (кіші қажылық) сапарына жолдама иеленді.

🥈 ІІ орын – Талғар ауданының өкілі Қабулов Өмірзақ жүлделі 100 000 теңгені қанжығасына байлады.

🥉 ІІІ орын – Ұйғыр ауданының намысын қорғаған Найзабеков Бекзат 70 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды.

Сайыс барысында қатысушылар «Дін мен дәстүр» арасындағы алтын көпірді, шариғат пен салт-дәстүрдің үндестігін нақты дәлелдермен көрсете білді. Бұл тек бәсеке емес, жастарға бағыт, жамағатқа үлгі боларлық тағылымды шара болды.

Салтанатты шараның соңында қатысушылар мен келген қонақтарға қазақы дәстүрмен кең дастархан жайылып, ақ ниетпен ас ұсынылды. Ас үстінде қасиетті Құран аяттары оқылып, ел тыныштығы мен жер амандығы үшін облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жүрекжарды дұға жасады. Оның рухты көтеріп, жанды тербеткен лебізі жиналған жұрттың жүрегінен орын тапты.

Мұндай рухани шаралар – дін мен дәстүрдің ажырамас егіз ұғым екенін халқымызға терең ұғындырудың жарқын көрінісі. Олар қазақтың рухани болмысы мен діни танымын сабақтастырып, ұрпақ санасына имандылық пен ұлттық құндылықты сіңіруді көздейді.