ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕГІ КӨРСЕТІЛДІ
Қазан айында аталып өтетін Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының қолдауымен Алматы облысы, Талғар ауданында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Игі шара аясында Талғар ауданындағы мүгедектігі бар балаларға және арнаулы әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қызмет көрсететін «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға арналған арнайы бизиборд құрылғысы табысталды.
Аталған құрылғы балалардың ұсақ моторикасын жетілдіруге, зейінін арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға және қоршаған ортаны танып-білуіне ықпал етеді. Қайырымдылық шарасының басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету, олардың дамуына қолайлы жағдай жасау және қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының қолдауымен жүзеге асқан бұл игі бастама – қайырымдылық пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Осындай ізгі істер арқылы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, қоғамдағы өзара жанашырлық пен адамгершілік құндылықтары нығая түседі.


