preloader

Жаңалықтар

Ережеп айында дән егілмесе …

Ережеп айында дән егілмесе …

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

2024 жылдың 13 қаңтары – қасиетті Ережеп айының бірінші күні!

Құрметті мұсылман бауырлар! Сіздерді қасиетті Ережеп айының келуімен құттықтаймын!

Ғалымдар бұл мезгіл туралы: «Ережеп айы егін егетін уақыт, Шағбан айы егінді суғаратын, ал Рамазан айы егінді жинайтын уақыт» деп түсіндірме берген.

Демек, бұл айда алдағы Шағбан және Рамазан айларына деген дайындықты бастауымыз керек. Ережеп айының белгілі күндерінде ораза ұстау маңызды. Ораза адамның ерік-жігерін күшейтіп, қиындықтарды жеңуге, жағымсыз әдеттер мен әлсіздіктерден бас тартуға үйретеді. Ораза ұстаған адам Алла Тағаланың өзіне деген мейірімін түсінеді.

Сондай-ақ, бұл айда мүбарак екі түн бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұлардың бірі – Рағайып түні болса, енді бірі – Миғраж түні.

Қасиетті айларда тыйым салынған нәрсені жасау, өзге айлардан да ауыр күнә екенін, ал игі істерді жасау арқылы, әдеттегіден әлдеқайда көп сауап алуға мүмкіндігіміз бар екендігін еске саламын. Ендеше, жер бетіндегі өмірімізде харам істерден бойымызды аулақ ұстап, ізгі амалдар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналу үшін осындай қолайлы күндерді пайдаланғанымыз абзал.

Алла Тағала баршамызға Ережеп айын, сондай-ақ келе жатқан Шағбан мен Рамазанды пайдалы өткізуді нәсіп етсін. Әмин!

Мадияр қажы Тағайбайұлы,

Алматы облысының бас имамы