«ХАЛАЛ – ШАРИҒАТ ТАЛАБЫ» АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Алатау қаласында әйел-қыздар жамағатына арналған “Халал – шариғат талабы” атты семинар-тренингі өтті. Бұл маңызды іс-шараны “Халал Даму” мекемесінің технологтары Әселхан Сәбитқызы мен Жансая Шалқарқызы жүргізді. Семинардың негізгі мақсаты – халал индустриясының маңыздылығын түсіндіру, халал стандарттарының шариғат талаптарына сәйкестігін талқылау және әйел жамағатына күнделікті өмірде халал өнімдерді таңдаудағы жауапкершілік жайлы кеңес беру.
Іс-шара Ынтымақ мешітінің имамы Еркебұлан Ерболатұлының қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Алатау қаласының имандылыққа үлес қосып жүрген ақ жаулықты аналары жамағатқа ақ батасын берді. Бұл семинардың әйел жамағаты үшін маңызы зор болғандықтан, қатысушылар рухани тұрғыдан да, білім тұрғысынан да мол әсер алды.
Семинар барысында “Халал Даму” мекемесінің мамандары халал индустриясының қазіргі жағдайы, халал сертификаттау үдерісі, шариғат талаптарына сәйкес тамақтану және өнімдерді тұтыну ережелері жайлы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, халал стандарттарына сай келмейтін кейбір тағам өнімдері, қоспалар мен химиялық элементтер туралы да кеңінен айтылды. Қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Сонымен қатар, Алатау қаласы әйел-қыздар секторының жауаптысы Бақытнұр Төлеуқызы мен Гүлжанат ұстаздар арнайы баяндама жасап, әйелдерге халалдың өмірдегі рөлі туралы тереңірек мағлұмат берді. Олар әйел адамның отбасы мен қоғамдағы орны, адал еңбектің маңыздылығы және ұрпақ тәрбиесіндегі халалдың әсері жайлы өз ойларымен бөлісті.
Семинарға қонақ ретінде арнайы Рымханова Гүлмира ұстаз шақыртылып, ол өз баяндамасында әйел баласының өміріндегі шариғатқа сай халал тіршіліктің маңыздылығына тоқталды. Гүлмира ұстаз қатысушыларға адал ризықтың, шариғи тазалықтың және дұрыс өмір салтын ұстанудың рухани және денсаулық тұрғысынан пайдасы жайлы құнды ақпарат берді.
Семинар соңында жамағат өз ризашылықтарын білдіріп, осындай тағылымды іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін айтты. Іс-шара барысы жылы шырайлы сұхбатқа, пайдалы ақпарат пен рухани тәлімге толы болды.
Алатау қаласының әйел-қыздар жамағаты үшін ұйымдастырылған бұл семинар олардың халал өмір салты жайлы білімдерін арттыруға септігін тигізіп, шариғи негіздерге сай өмір сүрудің маңыздылығын тағы да айқындай түсті.