ІЛЕ АУДАНЫ: БАТА САЙЫСЫ ӨТТІ
Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Көкқайнар ауылдық мешітінің ұйымдастыруымен аудан деңгейінде «Дін мен дәстүр» бағытының жылдық жоспарына сәйкес, облыстық бата сайысына іріктеу мақсатында, «Батаменен – ел көгерер» атты аудандық бата сайысы өтті.
Сайысқа 22 ақсақал қатысты. Іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқуымен басталып, Даулетияр Сағитжан мырза батасын берді. Алматы өңірі мешіттерінің заңгері Дәулетияр Сағитжан, Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы және аудан бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты Медеуов Болат батагөй ақсақалдарға төрелік етті.
Бас имам Дархан Аманұлы ата дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығы, халқымыздың асыл қазынасының бірі – бата беру салтының маңыздылығы туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қариялар әр түрлі тақырыпта бата беріп, өзара сайысқа түсті. Әділ қазылар шешімімен ақсақалдар арасынан үздік деп танылып 1 орынға Боралдай кенті Водник-2 ы/а «Арын қажы» мешітінің жамағаты Қарасартов Жәнет ақсақал (100.000 тг) ие болса, ІІ орын Көкқайнар ауылдық мешітінің атынан шыққан Аятов Айтбай ақсақалға (70.000 тг), ал ІІІ орын Байсерке ауылынан келген Отарбай Кендебай ақсақалға (50.000 тг) бұйырды.
1 орын алған ақсақалға облыстық бата жарысына жолдама берілді.
Шара соңында көпшілік үшін ақ дастарқан жайылды.