Іле ауданында «Адал ас – жан азығы» тақырыбында аудандық семинар өтті
Алматы облысы, Іле ауданы аумағындағы «Сманқұл» мешітінде ҚМДБ жанындағы Халал Даму бағыты бойынша аудандық семинар ұйымдастырылды. Семинар «Адал ас – жан азығы» және «Ораза ұстаған адам қандай тағам тұтынуы керек?» тақырыптарында өтті. Шараның негізгі мақсаты – қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған жандарға халал өнімдерді дұрыс таңдаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ адам ағзасына пайдалы әрі құнарлы аспен дұрыс тамақтану мәдениетін насихаттау болды. Семинарға Іле ауданына тағайындалған наиб имам Марат Рахматуллаұлы аудан имамы Талғат Абайұлының тапсырмасымен арнайы қатысып, алғы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол халал тұтыну – мұсылманның рухани тазалығы мен денсаулығының кепілі екенін атап өтті.
Жиынға Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жауапты «Халал Даму» технолог маманы Әселхан Сәбитқызы, сондай-ақ биомедицина магистрі, нутрициолог, денсаулық коучы Талшын Артыққызы арнайы қатысып, халал стандарт талаптары мен дұрыс тамақтанудың ғылыми негіздері жөнінде мазмұнды ақпараттар берді. Сонымен қатар, Іле аудандық әйел-қыздар секторының жетекшісі Айсұлу Зейнелханова әйел жамағатқа тағылымды насихат айтып, Рамазан айындағы рухани әрі тән саулығының үйлесіміне тоқталды.
Семинар қорытындысында лекторларға «Сманқұл» мешітінің атынан алғыс хаттар мен арнайы сый-сияпаттар табысталды. Шара жамағат тарапынан жоғары бағаланып, халал тұтыну мәдениетін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін берді.






