Ислам және адал қоғам – Рамазан насихаты
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Төңкеріс ауылдық мешітінде жамағатқа арналған «Бас имам сағаты»атты рухани кездесу өтті. Жиында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қасиетті Рамазан айына орай «Ислам және адал қоғам» тақырыбында насихат айтты. Бас имам өз сөзінде мұсылманның ең асыл қасиеттерінің бірі – адалдық екенін атап өтті. Қасиетті Құран Кәрімде:
«Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят) деп бұйырылған. Бұл аят мұсылман адамның жейтін асы да, істейтін ісі де адал әрі таза болуы керектігінбілдіреді. Насихат барысында адалдықтың адам өміріндегі маңызы кеңінен түсіндіріліп, оның негізгі көріністері атап өтілді:
▪️ Адал адам өтірік сөйлемейді. Шыншылдық – мұсылманның басты сипаттарының бірі.
▪️ Адал адам адал кәсіппен айналысады. Маңдай терімен табылған ризық – ең берекелі нәпақа.
▪️ Адал адам аманатқа қиянат жасамайды. Сенімге берік болу – иманның белгісі.
▪️ Адал адам әр істе әділ болады. Әділдік қоғамда бірлік пен сенімді қалыптастырады.
Жиын барысында халқымыздың ұлы ойшылдары Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының, сондай-ақ ислам ғұламаларының адалдық жайлы нақыл сөздері айтылып, жамағатқа тағылымды ой салынды. Кездесу тарауық намазының алдында өтіп, жамағат пайдалы насихаттан рухани әсер алып, ізгі тілектермен тарасты.



