КӨП КҮЛКІДЕН САҚТАНАЙЫҚ
Күлкі мен жылау – Алла тағаланың адамзатқа берген нығыметі. Ақыл, сана, сөйлеу сынды адамға тән асыл қасиеттердің бірі. Әйтседе, Алла Тағала бүкіл жаратылысты өлшеммен жаратқан. Сондықтан күлкініңде өзіне лайқты мөлшері бар. Қасиетті құранда: <<Күлдіретін де, жылататында – Ол (Алла)>> (Нәжім сүресі 43-аят) – деу арқылы күлкі мен жылаудың адамның еркінен тыс құбылыс екендігін аңғартады. Шыныменде күлкі мен жылау адамның құпия сезімінен дерек беретін, жан әлемнің бір сәттік болсада көрнісі десек қателеспейміз. Тәпсір кітаптарында аталмыш аят хақында: «Күлкіні де, жылауды да жаратқан Ол Алла. Алла Тағала жәннат иелерін жәннатқа кіргізіп күлдіреді, тозақ иелерін тозаққа тастап жылатады. Ал бұл дүниеде қалаған адамды күлдіріп, қалағанын жылатады», – деп түсіндіреді. Ендеше жәннатпен сүйіншіленіп күлуден артық күлкі қайдан болсын. Ол үшін бұл жалғандағы күлкіміз де шариғат аясынан шықпауы керек екенін әркез жадымызда сақтағанымыз жөн. Ел аузында; «Күлкі көңілдің азығы, күлкіден айырмасын, оралыңның барында ойнада күл» деп күлкіні әспеттейтін сөздер бар. Әрине бұндай сөздің астарында; көңілдегі кірбеңдікті арылтатын, күйзеліске түсірмейтін, жаныңды жадырататын күлкіні меңзеп тұрғаныны белгілі.
Сөз басында айтқанымыздай күлкініңде өзіне тән қалыбынан аспағаны абзал. Тіпті дана халқымыз; Ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз деп шектен шыққан күлкіні арсыздыққа балаған. Ардақты Пайғамбарымыз:(Алланың игілігі мен сәлемі болғай!) <<Көп күлкіден сақтаныңдар! Өйткені көп күлкі жүректі қатайтып, жүздің нұрын тайдырады>> – деп ескетеді. Айтып айтпай-ақ қазіргі күнде мәнсіз, мағынасыз жеңіл күлкінің жетегінде жүргендер қаншама? Жоқтан өзгеге жыртыңдап күле беру адамның түсінгін таяздатып, ойсыздыққа душар етеді. Өкінері сол жалпақ жұрттың арзан күлкіге әуес болғанына орай, бәдік сөздер мен ұятсыз қылықтар өнер ретінде саналып табыс табудың оңай жолына айналғаны қашан? Осы бір шариғатқа қайшы, салт-дәстүрімізге жат, келеңсіз жағдайды көргенде Хакім Абайдың:»Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң, болама дәулет, нәсіп бұл» деп, ашына жырлаған өлең жолдары еріксіз еске оралады. Олай болса тағыда осы күлкінің жөн- жосығын тәптіштеп түсіндіріп, пайдасы мен зиянын атап көрсеткен Хакім Абайдың мына сөзіне жүгінелік: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мас кісі сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп, елемеген кісінің не дүниеде, не азиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.
Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек.» Міне Абайдың бұл тұжырымы ардақты Пайғамбарымыздың: (Алланың игілігі мен сәлемі болғай!) <<Жаным Оның қолында болған Аллаға ант етемін! Егер мен білген нәрсені сендер білгендеріңде көп жылап, аз күлетін едіңдер>> деген өсиетін әспеттіп тұрғандай. Дегенменде, күлкіні мүлдем тәрік етіп, қабығыңды қарыс түйіп, тұнжырап жүр деген шариғатта жоқ. Ендеше Абайдың сөзін жалғастырайық: «Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харакет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт!» (Төртінші сөз).
Мінекей, Хакім Абайда ешқандай күлместен ұдайы уайы-қайғымен жүрудің мүмкін еместігін айта келіп, өмірдегі жолыққан уайым-қайғыдан арылу үшін арзан күлкіге салынып, өз-өзіңді алдамай, ақылыңды жұмсап, қиындықтан шығар жол табуға харекет жасауға шақырады.
Қорыта айтқанда күлкі өз орнымен болса адам өмірінің мәнін де, сәнінде келтіретін тамаша қасиет, ал күлкінің шеттен шығуы немесе өмірді тек қана күлкімен өткізуді мұрат ету тиылмайтын жылауға апаратын жол.
Қызырғазы Мәлікұлы
Үштерек ауылдық мешітінің бас имамы