ҚЫРҒАУЫЛДЫ АУЫЛЫНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Қырғауылды ауылының Халифа қажы Алтай мешітінде «Ислам және адал қоғам» тақырыбында тағылымды семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда адалдық қағидаларын насихаттау, діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі Ислам құндылықтарын дәріптеу және жамағат арасында рухани тәрбиені нығайту.
Семинарды Алматы облысының сектор жетекшісі Назерке Әкішқызы жүргізді. Семинар барысында Ислам дініндегі адалдық ұғымының маңызы, отбасы тәрбиесі, қоғамдағы жауапкершілік, діни экстремизмнің алдын алу және дәстүрлі діни құндылықтарды сақтау мәселелері жан-жақты сөз болды. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Іс-шара аясында тағы бір маңызды оқиға орын алды. Әйел жамағатының діни білім алуына арналған жаңа оқу ғимаратының құрылысы толық аяқталып, оның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа ғимаратта әйелдерге арналған Құран және діни сауат ашу сабақтары, рухани-танымдық кездесулер мен түрлі тәрбиелік іс-шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады.
Аталған игі жобаның жүзеге асуына ұйытқы болған Қарасай ауданының сектор жетекшісі Назерке Таласқызының еңбегі ерекше атап өтілді. Әйел жамағатының білім алуына қолайлы жағдай жасау жолындағы бұл бастама өңірдегі рухани-ағартушылық жұмыстардың дамуына тың серпін береді.


