preloader

Жаңалықтар

«Muftiyat» баспасынан жарық көрген қос кітаптың танытымы өтті

«Muftiyat» баспасынан жарық көрген қос кітаптың танытымы өтті

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен қасиетті Рамазан айына орай өткен Төралқа мәжілісінде қос кітаптың танытым рәсімі өтті.

«MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Qalyp» және «Ой салар оқиғалар» кітаптарының авторлары – ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, исламтанушы Думан Сайфулла мен Ақпарат бөлімінің меңгерушісі, журналист Ағабек Қонарбайұлы. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа кітап авторларын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Qalyp» деп аталған бұл кітапта адам жүрегіндегі түрлі рухани дерт пен оны емдеудің жолдары баяндалған. Автор адам жүрегінде кездесетін негізгі дерттің түрлеріне тоқталып, олардың мән-мағынасын түсіндіреді. Рухани кеселді емдеудің жолдарын қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне, ғұлама-ғалымдарымыздың сөздеріне негіздей отыра жазған. Кітап исламтанушыларға, дінтанушыларға, имамдарға, медресе ұстаздары мен шәкірттеріне, жалпы оқырман қауымға арналады.

Ал екінші кітапта шынайы өмірде болған ой салар оқиғалар нақты кейіпкердің немесе куәгердің сөзімен боямасыз баяндалады. Автор ғибратты оқиғадан алған әсерін бөлісіп, ойға түйген тағылымды жайттарды жазады. Еңбекте адамдар арасындағы бауырмалдық, шынайы жанашырлық, қайырымдылық сынды қасиеттер дәріптеледі. Жүрегі мейірімге толы тұлғалардың ерекше ерік-жігермен, ынта-ықыласпен атқарған ізгі амалдары насихатталады. «Ой салар оқиғалар» кітабы жалпы оқырман қауымға арналған.