НАИБ МҮФТИ ЕРМЕК ҚАЖЫ ҚАСБОЛАТҰЛЫ ҮШҚОҢЫР МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІНЕ АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек қажы Қасболатұлы Үшқоңыр медресе-колледжіне арнайы іс-сапармен келіп, болашақ дін қызметкерлерімен кездесті.
Ізгі ниетпен ұйымдастырылған бұл сапардың басты мақсаты – шәкірттерге рухани бағыт-бағдар беріп, білім жолындағы істеріне демеу болу еді. Кездесу барысында наиб мүфти шәкірттерге терең мазмұнды насихат айтып, алған білімді тек оқумен шектелмей, оны жүрекке тоқу қажеттігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, дін жолындағы адам білімді тек жинақтап қана қоймай, оны амалмен көрсетуі тиіс.
Сонымен қатар, қазақ халқы исламды өз мәдениетімен ұштастыра отырып, ұрпақ тәрбиесінде, отбасылық өмірде, қоғамдағы қарым-қатынаста қалай ұстанғанын, ата-бабабыздың ұстанған ұстанымдары жайлы да тілге тиек етті. Сондай-ақ, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамалары мен алдағы атқарылатын жұмыс жоспарлары жайлы да айтып өтті.
Насихаттан кейін Ермек қажы Қасболатұлы медресенің материалдық-техникалық базасымен танысты. Сапар аясында наиб мүфти Үшқоңыр медресе-колледжінің қыздар бөлімін де арнайы барып көрді. Әйел-ананың қоғамдағы ерекше орнын атап өткен ол: «Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дей отырып, әйел затының тәрбиедегі, дін мен қоғамдағы орны аса маңызды екенін айтты.
Бұл рухани жүздесу шәкірттерге мол мотивация мен рухани қуат сыйлап, оларды білім мен тәрбие жолында аянбай еңбектенуге ынталандырды.